«Теңізшевройл» мен Каспий құбыр консорциумына АҚШ санкциялары жүрмейді
АҚШ Қазақстанның басты мұнай жобаларына санкция салмайтын болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына қарсы енгізілген жаңа санкциялар Каспий құбыр консорциумы мен «Теңізшевройл» (ТШО) жобаларына қатысы жоқ екенін растады.
22 қазанда жарияланған арнайы лицензияда бұл шектеулердің аталмыш жобалармен байланысты барлық қаржылық және сервистік операцияларға таралмайтыны көрсетілген.
«Каспий құбыр консорциумы мен Теңізшевройл жобаларына қатысы бар барлық операцияларға 2025 жылғы 10 қаңтардағы қаулы бойынша енгізілген тыйым қолданылмайды», — делінген АҚШ Қаржы министрлігінің құжатында.
Осылайша, Вашингтон мамыр айында енгізілген энергетикалық ерекшеліктердің күшінде қалатынын нақтылады. Бұл шаралар Қазақстан мұнайының әлемдік нарықтарға үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені экспорттың басым бөлігі дәл осы Каспий құбыр консорциумы құбыры арқылы жүзеге асады.
Каспий құбыр консорциумы — Каспий өңірінен мұнай тасымалдаудың ең ірі бағыты. Ұзындығы 1,5 мың шақырымдық құбыр желісі Батыс Қазақстандағы кен орындарын Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы порттармен байланыстырады. Консорциумның акционерлері қатарында «ҚазМұнайГаз», Chevron, Lukoil, ExxonMobil, Rosneft-Shell JV және басқа да халықаралық серіктестер бар.
«Теңізшевройл» 1993 жылы Қазақстан мен Chevron арасындағы келісім негізінде құрылған. Қазіргі таңда компания елдің ең ірі салық төлеушісі саналады. Оның серіктестері: Chevron – 50%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, ExxonMobil – 25%, «Лукойл» – 5%.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Лукойл», «Роснефть» және «Татнефть» компанияларының Қазақстандағы активтері мен жобалары жайлы хабарланған еді.
Материал авторы