Шетелдіктер асырап алған тақиялы Сардардың тойы желіде танымал болды
Нью-Йорктегі қазақ баласының қалыңдығы көпшіліктің талқысына айналды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йорктің әйгілі Таймс-сквер алаңында түсірілген ерекше үйлену фотосессиясы қазақстандықтарды таңғалдырды.
Кадрларда тақия киген қазақ жігіті мен ақ көйлектегі афроамерикалық қалыңдықтың шаттық сәттері бейнеленген. Бұл жұптың тарихы да ерекше.
Жігіттің есімі — Пол Сардар Бэбкок. Ол АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында тұрады, этникалық қазақ. Бірнеше жыл бұрын оның өмірбаяны қазақстандықтарды толқытқан еді. Сардарды бала кезінде америкалық отбасы асырап алған. Негізінен өзі Таразда дүниеге келген. 2020 жылы ол өз биологиялық ата-анасын іздеуді бастаған, әрі сол кезде қоғамның үлкен қолдауына ие болған.
Жақында Сардар сүйіктісі — афроамерикалық ару Суе есімді қызға үйленді. Олардың үйлену сәтін АҚШ-та тұратын қазақстандық фотограф Рамазан Бандурин түсірген.
«Ол — менің тірегім, мен осында, Нью-Йоркте жалғыз емеспін. Біз бірге жаңа өмір бастағанымызға қуаныштымын. Мен дәл осындай адамды кездестіргім келді, және енді ол менің жарым», — деп жазды Пол Instagram-дағы жазбасында.
Қазнет қолданушылары бұл жаңалықты ерекше жылы қабылдады:
«Қандай әсерлі жұп! Сүйіспеншілігі мәңгі болсын», «Отбасын таба алмаса да, өз махаббатын тапты — ең маңыздысы осы», «Сол кезде бәріміз оның іздеуін бақылап едік. Енді осылай бақытты болғанына қуаныштымыз».
Желі қолданушылары Пол мен Суенің тарихын «аптаның ең мейірімді жаңалығы» деп атап жатыр.
Материал авторы