SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турындағы басты кездесу – «Қайрат» пен «Астана» арасындағы матч 26 қазанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Қазіргі уақытта барлық билет сатылып кеткенін клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Клуб өкілдері жанкүйерлерге матч басталардан 2–3 сағат бұрын келуге кеңес береді. Бұл – стадионға кірер кезде ұзын-сонар кезектен және бақылаудан өту кезіндегі қиындықтардан сақтайды. Кіру Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелері жағынан ашық болады.
Матч күні стадион аумағында фан-аймақ ұйымдастырылады. Онда серіктестер ұсынған ойын-сауық бағдарламалар, интерактивті аймақтар, тегін аквагрим, сондай-ақ тағам мен сусын сатылатын фудкорт жұмыс істейді.
Клуб өкілдері жанкүйерлерді жылы киініп келіп, сүйікті командасына қолдау көрсетуге шақырды:
«Бұл — біздің қаламыз! Біздің командамыз! Алматылық «Қайратқа» жанкүйер болыңыздар!»
RUS