SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда табиғи аймақ мәртебесіне ие «Баум тоғайын қалпына келтіру» жобасы қоғам наразылығын туғызды. «Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы» бастамашы болған бұл жоба бір жыл бұрын қолға алынғанымен, нақты құрылыс жұмыстары биылғы шілдеде қарқын алған.
Тоғай ішінен ауыр техниканың гүрілі мен тас кесетін араның даусы жиі естіледі. Табиғат қорғаушылар мен тұрғындар мұндай белсенділік жануарлар мен жәндіктердің мекенін бұзып, экожүйеге қауіп төндіреді деп алаңдаулы.
Жоба жоспары бойынша, тоғай аумағына тасжолдар төселіп, спорт және ойын алаңдары, сахна, мангал орнатылған демалыс аймақтары жасалады. Сарапшылар мұндай инфрақұрылым табиғи паркке мүлде сай емес дейді:
«Бұл орман – Алматының төменгі бөлігінің оттегі көзі. Мұнда 223 түрлі омыртқалы жануар тіршілік етеді. Егер құрылыс жалғаса берсе, бұл аймақтың табиғи тепе-теңдігі бұзылады», – дейді экологтар.
Заңгерлер де жобаның заңдылығына күмән келтіреді. «Баум тоғайы» «Ерекше қорғалатын табиғи аймақ»мәртебесіне ие, сондықтан мұнда кез келген құрылысқа тыйым салынған. Бұған қоса, аумақта сақ дәуіріне тиесілі қорғандар бар.
Соған қарамастан, жобаға 4,7 млрд теңге бөлінген. Құрылысты «BAZIS-A Corp.» компаниясының мердігері «СК Барлас Құрылыс» жүргізіп жатыр. Ресми түрде бұл «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында» жүзеге асуда делінген.
Қоғамдық тыңдаулар да формалды өткен: хаттамаға қарағанда, жиынға Алматының бар болғаны 3 тұрғыны, әкімдік пен экологиялық ұйым өкілдерінен тағы 4 адам қатысқан. Барлығы жеті адам мегаполистің табиғи мұрасын бұзатын жобаны мақұлдап жіберген.
Бастамасы Ерболат Досаев әкім кезінде қолға алынған бұл жоба қазір Дархан Сатыбалдының тұсында жалғасып жатыр. Қоғам белсенділері жаңа әкімнен заңсыз жобаны тоқтатуды талап етуде.
RUS