SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози түрмеге түскеннен кейін бірнеше күн өтпей жатып, жанжалдың ортасында қалды.
Париждегі Санте түрмесінде отырған саясаткерді басқа сотталғандар мазақ қылып, видеосын интернетке жариялаған.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда сотталғандардың бірі камераға қарап:
«О, Саркози, оян! Сен Каддафиді өлтірдің!» – деп күледі.
Тағы бір тұтқын:
«Ол жаңа келді, оған мұнда оңай болмайды. Біз Каддафидің кегін қайтарамыз!» – деп айқайлайды.
Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен бұл оқиғаға дереу реакция білдіріп, Саркозидің қауіпсіздігіне нақты қауіп бар екенін айтты.
«Біз ештеңеге тәуекел етпейміз», – деді ол CNews телеарнасына берген сұхбатында.
Министрдің мәліметінше, видео түсірген үш сотталған адам қатаң бақылауға алынған. Түрмеде тінту жүргізіліп, екі телефон тәркіленді. Ал күдіктілердің ісі сотқа жолданған.
Саркози қазір тәулік бойы күзетпен отыр. Ол Ливиядан 2007 жылғы сайлау науқаны кезінде заңсыз ақша алғаны үшін бес жылға сотталған болатын.
Түрмеге бара жатқан жолда Саркози әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, өзін «кінәсіз адам» деп атады.
«Мен әділетсіз сот шешімімен келіспеймін. Бұл – нағыз саяси қысым. Бірақ шындық бәрібір жеңеді», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Саркози түрмеге өзімен бірге үш кітап қана ала алған: Александр Дюманың «Граф Монте-Кристосының» екі томы мен Иса пайғамбардың өмірбаяны. Бұрынғы президент La Tribune Dimanche басылымына берген сұхбатында:
«Мен түрмеден қорықпаймын. Басымды тік ұстаймын. Соңына дейін күресемін», – деген болатын.
RUS