SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде мерекелік гала-концерт пен отшашу жол апатында 12 адамның қаза табуына байланысты тоқтатылды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 25 қазан күні «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында өтуі тиіс концерт пен фейерверк қазіргі жағдайда өткізілмейді», — делінген Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми хабарламасында.
Қайғылы оқиға 23 қазан күні таңғы сағат 08:40-та Самара – Шымкент трассасының 927-шақырымында болған. DAF жүк көлігін тізгіндеген Өзбекстан азаматы рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан «Газель» маркалы жолаушылар көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Апат орнында екі жүргізуші мен 10 жолаушы – барлығы 12 адам қаза тапты. Олардың барлығы Ақтөбе облысының тұрғындары, арасында екі кәмелетке толмаған жасөспірім де болған.
Тағы алты адам Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Екеуінің жағдайы ауыр, төртеуі орташа халде. Үкіметтің тапсырмасымен жараланғандарды Астанаға санитарлық авиация арқылы жеткізу жоспарланып отыр.
Премьер-министрдің тапсырмасымен Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылды. Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне Самара – Шымкент трассасының қауіпсіздік деңгейін көтеру жөнінде ұсыныс әзірлеу жүктелді.
Қайғылы жағдайдан кейін аймақ басшысы Асхат Шахаров, Ішкі істер министрі Ержан Саденов, және бірнеше вице-министр Ақтөбеге барып, оқиға орнын тексерді.
Үкімет қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетуге уәде берді.
Қазір жол апатының мән-жайын ІІМ арнайы тергеу тобы анықтап жатыр.
RUS