Бейнеудегі теміржолшылар басшылықтың қысымына шағымданып, отставка талап етті
ҚТЖ бұл жағдайды тұрмыстық сипаттағы дау дейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы Бейнеу теміржол бөлімшесінің қызметкерлері өз басшыларының отставкасын талап етті. Олардың бейнеүндеуі әлеуметтік желілерде тарады.
Жұмысшылардың айтуынша, бұл — соңғы уақыттағы үшінші рет қайталанған жанжал. Қызметкерлер 14-ші учаске бастығы Ерназар Ізтурғанов тарапынан қорқыту мен қысым көрсету болғанын мәлімдеді.
«Жұмыс жағдайы туралы жиынға екі бейтаныс адам келді. Кейін солар бізге қоқан-лоққы жасап, әңгімеге араласты», — дейді бейнеүндеу авторлары.
Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл жағдайды тұрмыстық сипаттағы дау деп бағалап отыр. Компанияның ресми түсіндіруінде келіспеушілік кейбір қызметкерлер мен бөлім басшылығы арасындағы түсінбеушіліктен туған делінген.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін ҚТЖ орталық аппараты мен «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының мамандарынан құралған арнайы жұмыс тобы Маңғыстау облысына жіберілді.
«Тексеру қорытындысы бойынша еңбек заңнамасы мен ішкі тәртіп ережелеріне сай шаралар қабылданады», – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Материал авторы