SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде отбасылық жанжалдан кейін мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылған бес баланың анасы толық сау екені анықталды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әйелдің балалары түсірген бейнежазба тараған болатын. Онда балалар аналарының жындыханаға жатқызылғанын айтып, өздерін балалар үйіне жібергелі жатқанын хабарлаған еді.
Балалардың айтуынша, отбасындағы жанжал әкелерінің туыстарымен болған мүліктік даудан шыққан. Анасы үйді сатудан бас тартқаннан кейін туыстар арасында кикілжің туындаған.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған соң, жағдайды Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Білім министрлігі, балалар омбудсмені және Ақтөбе облысы әкімдігі өз бақылауына алды. Әйел Алматыға жіберіліп, қайта сараптамадан өтті.
Қазанның 23-інде бес баланың анасы Instagram парақшасында дәрігерлер консилиумы өзіне «толық сау» деген қорытынды шығарғанын айтып, қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
Белгілі қоғам белсендісі Ақмарал Басырованың айтуынша, әйел Республикалық психикалық денсаулық орталығында 10 күн бойы тексерістен өткен. Оны тәжірибелі психологтар мен профессорлар қараған, ал қорытынды шешімді 24 дәрігерден құралған консилиум қабылдаған.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолданды — ведомство өкілдері әйелдің қалайша психиатриялық клиникаға жатқызылғанын және бұл істе заң бұзушылық бар-жоғын тексермек.
RUS