1696

Рудныйдың бұрынғы прокуроры 20 млн теңгеге істі жабуға тырысқан

Прокурор 255 миллион теңге ұрлығын жабуға көмектесемін деп әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге сұраған.

Рудныйдың бұрынғы прокуроры 20 млн теңгеге істі жабуға тырысқан
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановтың ісі қаралып жатыр. Оған 20 миллион теңге пара алмақ болды деген айып тағылған. Бұл туралы «Костанайские новости» басылымы жазды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, былтыр көктемде Рудный әкімдігінің құрылыс бөліміне 255 миллион теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалуына байланысты тексеріс басталған. Сол кезде бөлім басшысы Дәурен Жәкеновке қылмыстық іс қозғалу қаупі төнген.

Дәл осы сәтте, тергеушілердің мәліметінше, қаланың сол кездегі прокуроры Мұрат Оспанов «мәселені шешіп беруге» уәде етіп, 20 миллион теңге талап еткен.

Жәкенов бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған. 28 қыркүйекте арнайы операция ұйымдастырылып, шенеунікке белгіленген соманың бір бөлігі (муляж түрінде) берілген. Ол ақшаны автокөлік тұрағында прокурорға табыстаған, ал Оспанов пакетті алып, көлікке мініп кетуге тырысқанда ұсталды.

Келесі күні бұрынғы прокурор тергеу изоляторына қамалды.

Қазір сот отырысы қысқартылған тәртіпте өтіп жатыр — куәгерлер шақырылмайды, себебі айыпталушы кінәсін толық мойындаған.

«29 қыркүйектен бері Оспанов қамауда отыр. Бүгін ол сот залына жеткізілді. Процеске оның туыстары мен таныстары көптеп келді», — деп жазады жергілікті басылым.

Сот үкімі алдағы күндері шығуы мүмкін.

Материал авторы