«Жабайы адам!»: Алматылық зообақтағы ер адам тыныш тұрған жануарға тас атқан (ВИДЕО)
Мүйізтұмсықтың көзіне қарай тас лақтырған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы зообағында ер адамның әрекеті жұрттың ашуын туғызды. Ол тыныш тұрған мүйізтұмсыққа тас лақтырған сәт видеоға түсіп, желіде тез тарады.
Видео Threads әлеуметтік желісінде жарияланып, бірден қызу талқыланды. Автордың айтуынша, оқиға оның анасы екеуі серуендеп жүрген кезде болған.
«Бүгін анаммен зоопаркке барғанбыз. Сол жерде жүрек ауыртар оқиға болды. Бір ер адам бейкүнә мүйізтұмсыққа көз тұсына тас лақтырды. Жануар ешкімге тиіспей, жай тұрған еді. Неге олай істегенін түсінбедім. Жануар қиналып, көзін жұма берді. Осындай адамдарға шара қолданса екен», – деп жазды куәгер.
Бейнежазбаның астына жүздеген пікір жазылды. Пайдаланушылар ер адамның әрекетін «жабайылық» және «рухани азғындық» деп бағалап, жануарларды қорғайтын заңды күшейтуді талап етті.
Кейбір комментаторлар мұндай оқиғалар жиі қайталанатынын айтып, зоопарк әкімшілігінен бейнебақылау мен күзетті күшейтуді сұрады.
«Мұндайлар тек жануарды ренжітпейді, айналадағы адамдар үшін де қауіпті жағдай туғызады. Егер мүйізтұмсық үркіп кетсе, салдары ауыр болар еді», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Қазір Алматы зообағы бұл жағдай бойынша түсініктеме беруі тиіс деген талаптар айтылып жатыр.
Материал авторы