Атырауда сал балаларды ұрып-соғып, мазақ еткендер әшкере болды (ВИДЕО)
Орталық қызметкерлері ерекше балаларға асқан қатігездік көрсеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысындағы әлеуметтік орталықтың қызметкерлері ерекше күтімді қажет ететін балаларға қатыгездік көрсеткені әшкере болды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қызметкерлердің бірі церебралды сал диагнозы бар баланы ұрып, оның қимыл-қозғалысын келемеждейтіні көрінеді. Қасындағылар болса, баланы мазақтап күліп тұр.
Видео желіде үлкен резонанс туғызды. Пайдаланушылар ашу-ызаға толы пікірлер қалдырып, кінәлілерді қатаң жазалауды талап етті.
Атыраулық белсенді Рүстем Баязиев оқиғаға қатысты пікір білдіріп, оны «адамдық шектен шыққан әрекет» деп атады.
«Біз бұл мекемелерге ең қымбатымыз — балаларымызды, оның ішінде ерекше балаларды сеніп тапсырамыз. Мұндай қатыгездік — бала мен оның отбасының қадір-қасиетіне қарсы жасалған қылмыс. Тез арада тергеу жүргізіліп, кінәлілер жазалануы тиіс», — деді ол.
Қазір Атырау облысының Білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ. Ал қоғам тарапынан қысым мен ашу күшейіп келеді — тұрғындар оқиғаны мұқият тергеуді және жазаны барынша қатаң етуді талап етуде.
Материал авторы