Қостанайда ереже бұзған полицей жазаланбаған (ВИДЕО)
Полицей жүргізуші куәлігінен айырылмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда полиция инспекторы қос сызықты кесіп өткені үшін жауапқа тартылды. Бірақ жүргізуші куәлігінен айырылған жоқ. Бұл туралы Наша газета басылымы жазды.
Оқиға 9 қазанда Гашек көшесінде болған. Куәгерлер патрульдік көліктің қарсы жолаққа шығып кеткен сәтін бейнетіркегішке түсіріп алған.
Сол күні Қостанай облысының полиция департаменті қызметтік автокөлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Істі Қостанайдың әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты қарады.
Көлікті басқарған полиция инспекторы — Бақытжан Шектібаев. Алғашында оған ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі («Жол жүрісі ережелерін бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығу») бойынша хаттама толтырылған. Бұл бап алты айға дейін жүргізуші куәлігінен айыруды көздейді.
Сотта инспектор өз әрекетін түсіндіріп, қос сызықты ереже бұзу мақсатында емес, тәртіп бұзған көлікті ұстау үшін кесіп өткенін айтты.
«9 қазан күні әріптесіммен бірге патрульге шыққанмын. Көше бойында шамын жақпай келе жатқан көлікті байқадым. Арнайы жарық-сигнал құрылғысын қостым да, бұрылып, соңынан ілестім. Бірақ бейнетіркегіштің жады толып қалып, сәтті жазып үлгермедім. Сол себепті протокол ресімделмеді», — деді Шектібаев.
Кейін анықталғандай, патруль көлігіндегі арнайы жарық-сигнал құрылғысы істен шыққан екен. Сотқа техқызмет станциясындағы жөндеу туралы түбіртек те ұсынылған.
«Сигнал істемей қалған соң, оны ауыстыруға кетіп бара жаттым. Сол кезде бұрылыс жасағанда белгіленген сызықты кесіп өттім», — деді полицей.
Сот жазбаны және инспектордың түсініктемесін қарап, істі қайта саралады. Құжатта Шектібаев қарсы жолаққа шықпағаны, тек солға бұрылу кезінде жол белгілерін бұзғаны көрсетілген.
Нәтижесінде бап ӘҚБтК 601-бабының 1-бөлігіне («Жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау») өзгертілді.
Шектібаев кінәлі деп танылып, 3 айлық есептік көрсеткіш (11 796 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Төлем жасауға оған 30 күн берілді.
Материал авторы