404

Головкин әлемдік бокс ұйымының президенті болуға үміткер атанды

Головкин бокстың Олимпиада ойындарында болуын қамтамасыз етпекші.

Головкин әлемдік бокс ұйымының президенті болуға үміткер атанды
instagram.com/gggboxing

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті қызметіне өз кандидатурасын ұсынды.

Белгілі спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, басты мақсаты – бокстың олимпиадалық мәртебесін сақтау және әлемдік спорт қауымдастығының сенімін нығайту екенін атап өтті.

«Достар, мен маңызды шешім қабылдадым – World Boxing федерациясының президенті лауазымына өзімді ұсындым. Мақсатым – бокстың олимпиададағы орнын сақтау, спортшылар мен жаттықтырушыларға қолдау көрсету, ал әлемдік қауымдастық арасындағы сенімді күшейту. Біздің ортақ міндетіміз – Халықаралық олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізу және бокстың Олимпиада ойындарында болуын қамтамасыз ету. Бұл Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және одан кейінгі ойындарға да қатысты», – деп жазды Головкин.

Оның айтуынша, 23 қараша күні бүкіләлемдік бокс үшін шешуші күн болмақ – дәл сол күні федерация басшылығын анықтайтын дауыс беру өтеді.

Бұған дейін Халықаралық бокс даңқ залы (International Boxing Hall of Fame) 2026 жылғы енгізілетін спортшыларға арналған дауыс беру бюллетеньдерін таратқан болатын. Үміткерлер тізімінде Геннадий Головкиннің де есімі бар.

Материал авторы