SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан Министрлер кабинеті елдің жаңа ұлттық символын ресми түрде бекітті. Сонымен қатар логотип пен оны пайдалану тәртібі де мақұлданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Құжатта көрсетілгендей, логотиптегі барыс алдыға қадаған өткір көзқарасымен бейнеленген — бұл елдің дамуға, өркендеуге және болашаққа сеніммен қадам басуға деген ұмтылысын білдіреді.
«Оң табанымен ілгері басқан қимыл – сәттілік пен дұрыс жолды таңдаудың белгісі. Қар барысының жоғары қарай иілген құйрығы батылдық пен әрекетке дайындықты көрсетеді. Жалпы бейне мықты, еркін әрі текті мемлекеттің рәмізі болып табылады. Ол табиғатты, тарихты және дәстүрді қастерлей отырып, тұрақты дамуға ұмтылатын елді бейнелейді», – делінген қаулы мәтінінде.
Логотип мемлекеттік марапаттарда, естелік монеталар мен банкноттарда, сәулет нысандарында және кәдесый өнімдерінде пайдаланылуы мүмкін. Алайда оны саяси үгіт-насихатта немесе тауар белгілері ретінде қолдануға рұқсат етілмейді (заңмен белгіленген ерекше жағдайлардан басқа).
Сонымен қатар Қырғызстанның табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігіне қар барысының популяциясын сақтау және мекен ету ортасын қорғау жоспарын бекіту тапсырылды.
RUS