924

Ресей 10 желтоқсанға дейін Қазақстан мен Қырғызстаннан маркаланбаған тауар әкелуге уақытша рұқсат берді

Путин шекарадағы дағдарысты уақытша шешу үшін маркаланбаған тауар әкелуге рұқсат берді.

Ресей 10 желтоқсанға дейін Қазақстан мен Қырғызстаннан маркаланбаған тауар әкелуге уақытша рұқсат берді
Depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Федерациясы 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін Қазақстан мен Қырғызстаннан міндетті таңбаланусыз (маркаланбаған) тауарларды автокөлікпен әкелуге уақытша рұқсат берді. Бұл шешім шекарада ұзақ кептелістер мен тексерулердің көбеюіне байланысты қабылданды.

Президент Владимир Путин қол қойған жарлыққа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін өнімге тауардың шығу тегін растайтын таңбалау талаптары уақытша тоқтатылады.

Рұқсат тек заңды тұлғаларға беріледі. Олар тауарды өз күшімен тасымалдап, уақытша қоймада сақтап, бұл туралы РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігіне хабарлауы тиіс. Кейін өнімге арнайы таңбалау нышаны жапсырылады.

Сонымен қатар, «Коммерсантъ» жазғандай, 27 желтоқсанға дейін мұндай жеткізілімдер қолданыстағы кедендік рәсімдер арқылы ресімделуі керек. Ал Минпромторг барлық мәліметті мемлекеттік ақпараттық жүйеге енгізіп отырады.

Соңғы айларда Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарада жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болған. Себебі — ресейлік кеденнің «сұр импортпен» күрес аясында тексеруді күшейтуі.

Логистикалық компания CN Bridge-тің менеджері Максим Лонский түсіндіргендей, бұл шаралар ресейлік нарыққа заңсыз тауарлар кірмеуі үшін қолға алынған.

Осыған байланысты Қазақстанның ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәскеуді заңнамалық өзгеріс енгізуге шақырды. Оның айтуынша, бұл қадам шекарадағы жағдайды тұрақтандыруға және тасымалдағы кідірістерді азайтуға мүмкіндік береді.

ТАСС-тың хабарлауынша, бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі сынақтан өткен. Бұл жүйе өнімнің қозғалысын одақ аумағында нақты бақылауға мүмкіндік береді. Қыркүйекте Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин жобаның толық іске қосылуға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Осы уақытта тағы бір мәселе — қазақстандық жүргізушілердің Ресейден депортациялануы. Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиевтің айтуынша, көлік жүргізушілері Ресейдің визасыз режимінде 90 күннен артық болғаны үшін елден шығарылуда.

Кейбір жағдайларда оларға әкімшілік айыппұлдар салынып, тіпті 90 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалған. Бұл жағдайлар Новосібір, Черниговка және Вышний Волочок қалаларында тіркелген.

Әлиев атап өткендей, бұл шектеу 2024 жылдың тамызында қабылданған №115-ФЗ федералдық заңына енгізілген өзгерістерден кейін пайда болды. Жаңа норма халықаралық тасымалдау ерекшеліктерін ескермейді.

Материал авторы