SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы Таеквондодан Әлем чемпионаты кезінде World Taekwondo ұйымы мен қазақстандық «Integra Construction KZ» компаниясы үш жылдық серіктестік жөнінде келісімге келді. Бұл әріптестік спорт арқылы бейбітшілік, бірлік пен инклюзияны дамытуға бағытталған.

Құжатқа World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чоу және Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) президенті, «Integra Construction KZ» бақылау кеңесінің төрағасы Құдрәт Шәмиев қол қойды.
Келісім аясында «Integra Construction KZ» халықаралық ұйымның бірқатар әлеуметтік және спорттық бастамаларын қаржылай қолдайды. Қаражат «Баршаға арналған таеквондо» жобаларына, босқындармен жұмыс бағдарламаларына және жастарға арналған білім беру жобаларына жұмсалмақ.

Бұған қоса, компанияға 2026–2027 жылдары өтетін World Taekwondo халықаралық жарыстарында брендті әлемдік деңгейде таныстыруға мүмкіндік беріледі — «Integra Construction KZ» логотипі спорт ареналарында, тікелей эфирлерде және цифрлық платформаларда көрініс табады.
Құдрәт Шәмиев бұл келісімді тек спорттық емес, елдер арасындағы достықтың көрінісі деп атады:
«Бұл серіктестік – Қазақстан мен Корея арасындағы сенім мен ынтымақтың белгісі. Біз тек инфрақұрылым салмаймыз, елдер арасындағы сенім көпірін де тұрғызамыз. Бұл келісім еліміздің ашықтығын және ESG стандарттарына сай тұрақты дамуға деген ұмтылысын көрсетеді».
Келісім нәтижесінде Қазақстан алдағы жылдары таеквондоның басты орталықтарының біріне айналмақ.

2026 жылы Астанада WT Гран-при финалы мен Gala Awards марапаттау рәсімі, ал 2027 жылы Әлем чемпионаты өтеді.
Айта кетейік, «Integra Construction KZ» — 1998 жылы құрылған, Қазақстандағы жетекші құрылыс компанияларының бірі. Компания теміржол және автомобиль жолдарын, өнеркәсіптік және азаматтық нысандарды салумен және жаңғыртумен айналысады.
RUS