SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Алматыдағы 1928 жылы салынған №56 мектеп-гимназияның бұзылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда қалалық Құрылыс басқармасы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, ғимаратта сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ал нысанды толық бұзу жоспарда жоқ.
«Сейсмоқұрылымдық күшейту және күрделі жөндеу жүргізілуде. Бар ғимараттарды бұзу қарастырылмаған. Керісінше, тарихи қасбет толығымен сақталады», — деп атап өтті Алматы қалалық Құрылыс басқармасы.
Жобада оқу процесіне арналған заманауи кеңістіктер құру көзделген. Мектептің кабинеттері мен зертханалары жаңартылып, химия, физика, биология пәндеріне арналған бөлмелер заманауи зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл оқушыларға тәжірибелік жұмыстар мен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мектеп аумағында көпфункционалды спорт кешені, ашық спорт алаңдары, демалыс аймақтары, жаңа асхана мен кітапхана салынады.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың сәуірінде аяқталмақ.
Жобаның бас мердігері — «Астана-Стройинвест» корпорациясы.
RUS