SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға Қырғызстанда ұлтаралық өшпенділікті қоздырды деген айып тағылды.
Бішкек қалалық ІІБ мәліметінше, қылмыстық іс Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Нәсілдік, этникалық, ұлттық немесе аймақаралық араздықты қоздыру» бабымен қозғалған.
Тергеу дерегінше, айыпталушы 21 қазанда қырғыз халқына қарсы мазмұндағы мәлімдемелер жасаған, ал бұл сөздер кейін видео түрінде әлеуметтік желілерде тараған.
Екатерина Биволға сырттай айып тағылып, қамауға алу бұлтартпау шарасы белгіленді. Ол іздеуде деп танылған. Аталған бап бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде әртүрлі ұлт өкілдеріне қатысты қорлайтын пікірлер айтқан видеосын жариялап, көпшілік тарапынан сынға ұшыраған еді.
Қырғызстанның құқық қорғаушылары мен адвокаттары оның әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап, ІІМ, Бас прокуратура және Сыртқы істер министрлігіне ресми өтініш жолдаған.
Екатерина мен Дмитрий Бивол 16 жыл бірге өмір сүріп, екі ұл тәрбиелеген. 2023 жылдың маусымында ресми түрде ажырасқан.
Белгілі болғандай, Екатерина әкесінің жағынан қазақстандық тамыры бар – оның әкесі Алматыдан, ал атасы – Қазақстандағы ұйғыр қауымынан шыққан. Ол бірнеше рет Қазақстанға келгенін, бұл елді «әкесінің отаны» деп атағанын айтқан.
Айта кетсек, Дмитрий Бивол Қырғызстанның Токмак қаласында туған, сол жерде боксқа алғаш рет келген және отбасымен Ресейге қоныс аударғанға дейін сол қалада тұрған.
RUS