SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысының өкімімен Абзал Нүкенұлы Нүкенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Абзал Нүкенов 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану факультетін тәмамдаған, саяси ғылымдар кандидаты.
Ол әр жылдары мемлекеттік және партиялық құрылымдарда түрлі лауазым атқарды. Еңбек жолын «Отан» партиясының Орталық аппаратында бастаған. Кейін Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат саласында, Алматы ауданы әкімінің орынбасары ретінде қызмет етті.
Нүкенов сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтын басқарған, ал 2011–2016 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Ахуалдық орталығының меңгерушісі болған.
2016 жылы ол дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болып тағайындалды, кейін жеке сектор мен өңірлік әкімдіктерде басшылық қызметтер атқарды. 2019–2022 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген Нүкенов 2025 жылы наурызда Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған еді.
Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Айта кетейік, бұған дейін Мағжан Ілиясов Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі қызметіне тағайындалған болатын.
RUS