SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннің ядролық қозғалтқышы бар «Буревестник» қанатты зымыранына қатысты мәлімдемесін «орынсыз» деп бағалады.
Путин 26 қазанда бұл зымыранның сынақтан сәтті өткенін хабарлап, «оның әлемде баламасы жоқ» екенін айтқан болатын.
— Ол жаңа зымырандарды сынаумен емес, соғысты тоқтатумен айналысуы керек. Бір аптада аяқталуы тиіс соғыс төртінші жылға ұласты, — деді Трамп өз ұшағында журналистерге берген сұхбатында (Reuters).
Бұған дейін Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Путинге жасаған баяндамасында «Буревестник» зымыранының сынақтары табысты өткенін мәлімдеген еді. 21 қазандағы сынақ кезінде зымыран 15 сағат бойы әуеде болып, шамамен 14 мың шақырым қашықтықты еңсерген.
Ал Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев кейінірек бұл ақпараттың АҚШ әкімшілігіне тікелей жеткізілгенін айтқан.
RUS