SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Санкт-Петербургте ресейлік «Зенит» футбол клубының ойыншысын ұрлап кетуге әрекет жасалды. Бұл клуб сапында қазақстандық қорғаушы Нұралы Әліп те өнер көрсетеді.
Аймақтың жедел қызмет өкілдері хабарлағандай, қылмыскерлердің нысанасына клуб ойыншысы Андрей Мостовой іліккен.
Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк Telegram-арнасында полицияның белгілі бір кәсіпкерді ұрлау және танымал футболшыға шабуыл жасауға әрекеттенген күдіктілерді ұстағанын жазды. Волк ойыншының есімін атамағанымен, БАҚ деректеріне сенсек, сөз Мостовой жайында болып отыр.
Mash басылымының хабарлауынша, спортшыға бірнеше адам шабуыл жасап, оны көлікке күштеп отырғызбақ болған. Дегенмен оған көмекке келген кездейсоқ өтіп бара жатқан азаматтың арқасында футболшы қылмыскерлерден құтылып кеткен.
Сол оқиғадан екі күн өткен соң дәл сол жерде бір кәсіпкерді ұрлап әкеткен. Оны көлікке күштеп отырғызып, ірі көлемде ақша беруге және көлігін әйелінің атына аударуға мәжбүрлеген. Кейін қылмыскерлер оны босатып жіберген.
Қазір бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
RUS