SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазір Қазақстанның әуе флоты 105 ұшақтан тұрады, оның сегізі биыл пайдалануға берілген жаңа әуе кемелері. Еліміздің авиакомпаниялары 31 мемлекетке апта сайын 842 халықаралық рейс орындайды, бұл — 144 бағытты қамтиды.
Салада ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Алматы әуежайын дамыту бойынша «TAV Airport Holding» компаниясы $362 миллиондық инвестициялық бағдарлама ұсынып отыр. Ал Астана әуежайына 547 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу жөнінде келісім жасалған. Сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 250 миллиард теңгеге жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасы қолға алынған.
Ішкі нарықта жаңа әуетасымалдаушылар пайда болып, халықаралық бағыттар саны артып келеді. Соңғы уақытта Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу және Мюнхен сияқты қалаларға жаңа рейстер ашылды.
Сала мамандарының айтуынша, келесі ірі мақсат — Астана мен Нью-Йорк арасындағы тікелей әуе қатынасын ашу. Бұл бағытты Air Astana 2026 жылдың алғашқы жартысында іске қосуды жоспарлап отыр. Ұшуларды Boeing 787 Dreamliner әуе лайнері орындайды деп күтілуде.
RUS