SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, биыл Қызылорда және Түркістан облыстарында су заңнамасын бұзғандарға салынған айыппұл көлемі 46,7 миллион теңгеге жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.
Арал–Сырдария бассейні су инспекциясының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 439 әкімшілік іс қозғалған. Негізгі бұзушылықтар — заңсыз су алу мен рұқсатсыз сорғы орнату.
«Өткен вегетация кезеңінде заңсыз су алу және тіркелмеген сорғы қондырғыларын орнату жиілеп кетті. Суармалы суды әділ бөлу үшін министрлік пен “Қазсушар” мамандарымен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргіздік. Жаңа Су кодексі инспекцияға заңбұзушылықтарға тез әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр», – деді Арал–Сырдария бассейні су инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов.
Инспекция жыл басынан бері аймақта 286 арнайы су пайдалану рұқсаттамасын берген.
Мамандардың айтуынша, су ресурстарын бақылау мен әділ бөлу – аймақтың ауыл шаруашылығын сақтап қалудың басты тетігі. Себебі Сыр бойында әрбір текше метр су – алтынмен тең.
RUS