Биыл халқымыз тоңып қалмай ма? Энергетика вице-министрі көмір артығымен бар екенін айтты
Санжар Жаркешовтің сөзінше, биыл қыста ешкім тоңбайды – көмір де, мазут та жеткілікті. Ал баға – «нарық өзімен өзі реттейтін» дербес жүйеде.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметі отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында энергетика саласының өкілдері алдағы жылыту маусымына қатысты мәлімдеме жасады.
Брифингке ҚР энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов және «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов қатысты.
«Көмір де, мазут та жеткілікті»
Журналистердің сұрағына жауап берген Санжар Жаркешов қазір ел бойынша ешқандай тапшылық жоқ екенін айтты:
«Қазіргі уақытта бізде проблема жоқ. Күзгі-қысқы жылыту кезеңіне жақсы дайындалдық. Республика бойынша 5,6 млн тонна көмір бар. Бұл – жеткілікті көлем. Сондай-ақ 135 мың тонна мазут қоры бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. Демек, жылыту маусымын қауіпсіз өткіземіз», – деді вице-министр.
Оның сөзінше, барлық өңірлерде қажетті отын қоры жасақталған, сондықтан тұрғындар мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалмайды.
Көмір бағасы қанша?
Баға туралы сұраққа вице-министр былай деп жауап берді:
«Баға өңірлерге қарай әртүрлі. Орта есеппен тоннасы 13-16 мың теңге шамасында. Кей жерлерде 20 мыңға дейін барады, бірақ бұл сирек жағдай. Біз бағаны реттемейміз, себебі көмір нарығы – дербес, сұраныс пен ұсынысқа тәуелді».
Қыс қысқа емес, дайындық ұзақ
Жаркешовтің айтуынша, соңғы жылдары министрлік көмір мен мазут қорын тұрақты түрде ұлғайтып келеді. Бұл – өткен жылдардағы тапшылық тәуекелін болдырмауға бағытталған шара.
«Жыл сайынғы мақсат – халықты тоңдырмау. Осы жолы бәрі бақылауда», – деді ол.
Материал авторы