803

Қытай шекарасында 3 мың вагон тұрып қалды. ҚТЖ Қытайға экспортты уақытша шектеді

ҚТЖ мұны «мәжбүрлі және уақытша шара» деп түсіндірді.

Қытай шекарасында 3 мың вагон тұрып қалды. ҚТЖ Қытайға экспортты уақытша шектеді
yicaiglobal.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай шекарасында мыңдаған вагон кептеліп тұр. «Қазақстан темір жолының» (ҚТЖ) хабарлауынша, Қытай тарапы Алтынкөл өткізу бекеті арқылы пойыз қабылдауды күніне 14-тен 10-ға дейін, кей кездері 6 пойызға дейін азайтқан.

Соның салдарынан шекарада 3 мыңға жуық вагон жиналып қалған. Олардың басым бөлігі — экспорттық және транзиттік жүк, соның ішінде астық тиелген вагондар.

Қытай неге қабылдамай жатыр?

ҚТЖ мәліметінше, Қытай билігі астық өнімдеріне терең тексеріс жүргізіп жатыр.

«Қытайдың уәкілетті органдары астыққа кеңейтілген бақылау енгізді — үлгі алып, оны Үрімші мен Бейжіңдегі зертханаларда талдайды. Бұл процесс 5–10 тәулікке дейін созылады», — делінген компания хабарламасында.

ҚТЖ экспортты шектеуге мәжбүр

Инфрақұрылым шамадан тыс жүктелген соң, ҚТЖ астық тиелген контейнерлік пойыздарды тәулігіне 3 құрамнан артық қабылдамауға шешім қабылдады. Компания мұны «уақытша және мәжбүрлі шара» деп атап, Қытай тарапының дайындығымен синхрондау қажеттігін айтты.

Бұған дейін де болған жайт

Бұл — алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Қытай қазақстандық астық импортына шектеу қойып, фитосанитарлық талаптарды күшейткен. Сонымен қатар, 65% кедендік баж салығын енгізіп, бондық аймақтарға жеткізуді тоқтатқан.

Сол кезде де астық тиелген көптеген вагондар кері қайтарылып, шығын экспорттаушылардың мойнына түскен болатын.

Материал авторы