SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 55 келі салмақта ел намысын қорғаған түркістандық балуан Шұғыла Өмірбек алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы айтулы жетістікке қол жеткізген еді.
Бүгін әлем чемпионын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Облыс басшысы Шұғылаға алғыс хат пен жаңа автокөліктің кілтін табыстап, болашақ жеңістер тілеген.
«Бұл – тек Шұғыланың жеңісі емес, бүкіл еліміздің және Түркістан өңірінің зор жетістігі. Бұл нәтижелер – үздіксіз еңбек пен дайындықтың, сонымен қатар өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытудың жемісі. Болашағы бар спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз», — деді Көшеров.
Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетовке алғыс хат пен қаржылай сыйақы берілді, ал Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов те марапатталды.
Өз кезегінде Шұғыла Өмірбек облыс басшылығына алғыс айтып, басты мақсат – Олимпиада төрінде көк туды желбірету екенін атап өтті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында әйелдер күресі айрықша дамып келеді: өңір спортшылары Азия чемпионаттарында 17, ал әлем чемпионаттарында 5 медаль жеңіп алған.
RUS