1351

Мажарстан Украинаға көмек беруге қарсы шықты: Кремль идеяны қолдады

Мажарстан Чехия және Словакиямен бірігіп, Украинаға қарсы альянс жасамақ.

Мажарстан Украинаға көмек беруге қарсы шықты: Кремль идеяны қолдады
Tetiana Dzhafarova/Pool Photo via AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мажарстан Чехия және Словакиямен бірігіп, Украинаға көмек көрсетуге қарсы одақ құруды көздеп отыр.

Венгрия Еуропалық одақ ішінде Украинаға қаржылай және әскери қолдау көрсетуге қарсы жаңа альянс құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Politico басылымы венгр премьер-министрі Виктор Орбанның саяси кеңесшісі Балаж Орбанға сілтеме жасап хабарлады.

Оның айтуынша, Будапешт Словакия премьері Роберт Фицо және Чехияның жаңа үкіметін құрып жатқан саясаткер Андрей Бабишпен одақтасуды жоспарлап отыр. Мақсат — Еуроодақ саммиттері алдында ортақ ұстаным қалыптастыру және Украинаға көмек жөніндегі шешімдерді баяулату.

«Бұл Польшасыз жаңа “Вышеград үштігіне” айналуы мүмкін», — деп жазады Politico.

Балаж Орбанның айтуынша, одаққа Еуропарламенттегі кейбір партиялар да кіруі ықтимал — атап айтқанда, оңшыл «Еуропалық консерваторлар мен реформистер», «Егемен ұлттар Еуропасы» фракциялары мен бірнеше солшыл топтар.

Уақыт өте келе бұл бастаманы «Еуропалық халық партиясының» кейбір өкілдері де қолдауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл Еуропарламенттегі қазіргі орталық көпшілікті бұзуы ықтимал.

Кремль бұл идеяға оң баға берді. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий ПесковЕуроодақ елдерінің басым бөлігі «милитаристік истерияда» екенін айтып, Венгрия секілді елдердің өз ұстанымын қорғауға тырысып отырғанын атап өтті.

«Ондай мемлекеттер аз, бірақ олар бар. Не боларын көре жатармыз», — деді Песков.

Материал авторы