SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда №224 жаңа мектептің тіліне қатысты дау басылар емес. Бір топ ата-ана мен белсенді қала әкімдігіне барып, мектептің тек қазақ тілінде ашылуын талап етті.
Жиналғандарды Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов пен ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қабылдады. Кездесу азаматтарды қабылдау залында өтті және шамамен екі сағатқа созылды.
Алайда ата-аналар мен шенеуніктер келісімге келе алмады.
«Жарлықта қазақша деп жазылған!»
Ата-аналардың айтуынша, №224 мектепке қатысты ресми жарлықта «Қазақ мектеп болып ашылады» деп көрсетілген.
«Нақты жарлық қазақша шықты деп естідік. Сол құжатты бізге көрсетіңіз», — деді ата-ана Айнара Нұрдин білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовке.
Бірақ басқарма басшысы:
«Қарастырамыз. Қарау керек», — деп қысқа қайырды.
Бұл жауапқа ата-аналар наразылық білдіріп, мектептің қазақ тілінде ашылуы жөніндегі шешімді Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өзі түсіндіріп беруін талап етті.
Дау немен байланысты?
Даудың түп-тамыры – жаңа мектептің бастапқыда таза қазақ мектебі ретінде жобаланып, кейін «аралас мектеп» ретінде ашылуы мүмкін деген ақпаратта.
Бостандық ауданындағы №224 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Ал тұрғындардың сөзінше, бұл ауданда қазақ мектептері жетіспейді:
№140 мектеп – таза қазақ мектебі, бірақ 2597 бала 1100 орындық ғимаратта оқиды;
№22, №65 және №94 мектептер – аралас;
Ал №224 – бастапқыда қазақ тілінде білім беруге арналған жоба болған.
«Қазақ мектебі деп салып, кейін аралас қылу – халықты алдау. Бұл ауданда қазақ сыныптары лық толы, балаларға орын жоқ. №224 мектептің қазақ мектебі болып қалуы – әділет мәселесі», — дейді белсенділер.
«Қазақтың өз елінде қазақша оқу – сұраншақ болмауы керек»
Белсенді ұстаз Ақмарал Шатемірқызының айтуынша, аудандағы мектептердің небәрі 23 пайызы ғана қазақ тілінде білім береді.
«Қазақ баласы өз елінде өз ана тілінде білім алу үшін осылай әкімдікке барып, айқайлауы керек пе? Бұл – тіл теңсіздігі емес, өз құқығын талап ету», — деді ол.
Әкімдік үнсіз, ата-аналар табанды
Кездесу соңында ата-аналар әкімдік өкілдерінің нақты шешім қабылдамағанына наразы болып, мектептің ашылуын тоқтата тұруды сұрады.
«Біз енді Дархан Сатыбалдыны тікелей шақырамыз. Халықтың талабын елемеу – халыққа қарсы шығумен тең», — деді жиналғандардың бірі.
№224 мектептің айналасындағы дау Алматының білім жүйесіндегі қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігі біраздан белгілі жайт. Десе де, жаңа мектептің тағдыры әлі шешілген жоқ.
RUS