SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ер адам танымал стримердің назарын аудару үшін ерекше әрекетке барып, ақыры 15 тәулікке қамалды.
Оқиға сауда орталықтарының бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам тек іш киіммен «Маған пәтер сыйлашы!» деген жазуы бар плакат ұстап, айқайлап жүгірген. Бұл әрекеті үшін оған «Ұсақ бұзақылық» бабымен (ҚР ӘҚБтК 434-бабы, 1-бөлігі) әкімшілік іс қозғалды.
Сот отырысында ол кінәсін мойындап, атақты треш-стример Меллстройдың назарын аудармақ болғанын айтты. Айтуынша, стример желіде пәтерлер ұтысын ұйымдастырып жатыр деген қауесетке сенген.
Алайда ер адамның «жылжымайтын мүлік» арманы әзірге орындалмады — пәтердің орнына ол 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды.
Еске салайық, Меллстройдың өзі де тергеу астында қалған еді. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, стример Андрей Бурим (Mellstroy) мен оның туыстары РФ Ішкі істер министрлігіне жауапқа шақырылған.
Тергеу дерегінше, Бурим мен оның отбасы мүшелері 500 миллион рубльге жуық салық төлемей, ақшаны заңдастырумен айналысқан деп күдіктелуде.
Mash басылымының жазуынша, стримердің анасы мен бауыры криптовалюта арқылы бірнеше Lamborghini, Bentley, Rolls-Royce және Ferrari секілді люкс көліктер сатып алып, оларды достарының атына рәсімдеген.
Қазір Меллстройдың өзі Черногорияда тұрып жатыр. Тергеу органдары оның мүлкін — автокөліктер мен пәтерлерді — тұтқынға қоюды жоспарлап отыр.
Егер кінәсі дәлелденсе, стример мен туыстарына 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екені айтылған еді.
RUS