НАТО Украинаға тағы 15 млрд доллардың қару-жарағын беруді жоспарлап отыр
Трамп мақұлдаған бағдарлама арқылы НАТО Украинаға рекордтық көмек бөлмек
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, НАТО Украинаға шамамен 15 миллиард доллардың америкалық қаруын жеткізуді көздеп отыр. Бұл жөнінде АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакер Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Дипломаттың айтуынша, бұл қаржыландыру PURL бағдарламасы (Prioritised Ukraine Requirements List)аясында іске асырылады. Бағдарлама шеңберінде альянс мүшелері Украинаға қажет қару-жарақ тізімін Киевпен келісіп, оны АҚШ-та сатып алады.
«Алдағы айларда бізде шамамен 2 миллиард доллар немесе одан да көп қаражат бөлінеді. Бұл өте жақын арада жүзеге асады деп үміттенеміз.
2026 жылдан бастап тұрақтылық маңызды болады – Украина қорғанысына тағы 12–15 миллиард доллар қажет,» — деді Уитакер.
PURL бағдарламасы қалай жұмыс істейді
PURL тізімі 2025 жылдың шілде айында бекітілген. Бұл механизм — НАТО мен АҚШ президенті Дональд Трамптың келісімі негізінде құрылған. Бағдарламаның басты мақсаты — құрама қаржыландыру: яғни, Украинаға қажетті қару-жарақты одақтастар бірлесіп сатып алып, оның ақысын өздері төлейді.
Украина не алды?
Украина президенті Владимир Зеленскийдің дерегінше, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін ел PURL арқылы 2 млрд доллардан астам әскери көмек алған. Жыл соңына дейін бұл сома 3–3,5 млрд долларға жетеді деп күтілуде.
Бұл қаражатқа Patriot әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандар мен HIMARS реактивті жүйесінің снарядтары сатып алынған.
Материал авторы