Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына үкім шықты
4 000 адамды сан соқтырған пирамиданың шығыны миллиард теңгеден асып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте атышулы Nazira Gold қаржы пирамидасы ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Бұл істен төрт мыңға жуық адам зардап шеккен.
Іс ауқымы тоғыз айыпталушы, 148 жәбірленуші деп көрсетілген. Үшеуі сот үкімі шыққанға дейін қамауда болса, қалғандары үйқамақта отырған. Пирамиданың салдарынан еліміздің түрлі өңірлерінен келген төрт мыңға жуық адам зардап шеккен. Көпшілігі жоғары табысқа үміттеніп, миллиондаған теңге салып, кейбірі несие алған. Ақырында бәрі қаржысынан айырылды. Тергеу дерегінше, жалпы шығын 1 миллиард теңгеден асып кеткен.
Сот төрағасы Мадияр Абдрасилов:
«Нұржан Назира Бибосыновнаны ҚР Қылмыстық кодексінің 190, 217 және 218-баптары бойынша кінәлі деп тану», – деп мәлімдеді.
Басты айыпталушы Нұржан Назира 10 жылға бас бостандығынан айырылды, оның және туыстарының барлық мүлкі тәркіленеді. Қалған серіктестері 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олар жазасын қауіпсіздігі төмен мекемелерде өтейді. Негізгі айыпталушы сот шешімімен келіспейтінін айтты.
Сонымен қатар, сот Нұржан Назираны жәбірленушілерге келтірілген шығынның бір бөлігін өтеуге міндеттеді. Бірқатар азаматтық талаптар қанағаттандырылды, қалғандары азаматтық сот өндірісіне жіберілді. Көптеген жәбірленуші үкімге наразы болып, сот залын ренжіп terk еткен.
Сот кейбір қатысушылардың әрекетін қосымша тексеруді тапсырды. Тергеу өзге эпизодтар бойынша әлі жалғасып жатыр.
Тергеу мәліметінше, қаржы пирамидасына шамамен 16 миллиард теңге салынған, алайда тек 2 миллиарды ғана табылған. Қалған ақшаның қайда кеткені әзірге белгісіз.
Айта кетсек, пирамиданың ұйымдастырушылары биыл наурызда Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері тарапынан ұсталған. Тінту кезінде қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар және 12 келі алтын тәркіленген. Nazira Gold өзін зергерлік компания ретінде таныстырып, клиенттеріне айына 20–40 пайыз табыс уәде еткен. Соның нәтижесінде төрт мыңнан астам адам қаржы қақпанына түскен.
Материал авторы