Қазақстанда адамның бейнесін пайдаланып дипфейк жасағандарға жаза қолданылады
Жасанды интеллект туралы заң қабылданды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бұл құжат енді дипфейктерді жасау мен таратуға жауапкершілік жүктейді.
Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, жаңа заңның басты мақсаты – саланы шектеу емес, жасанды интеллект технологияларын дамытуға мүмкіндік беру.
«Бұл заңның міндеті — бәрін қатаң реттеу емес, технологияның дамуына жол ашу. Негізгі қағидаттар бекітілді, бірақ біз көріп отырған нақты тәуекелдерді, әрине, бақылауда ұстаймыз», – деді Мун.
Заң аясында енді дипфейктер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
«Дипфейк жасағандарға жауапкершілік қарастырылған. Заңда нақты нормалар бар: егер сіз жасанды интеллект негізіндегі өнім жасап, оны пайдаланушыларға ұсынсаңыз, олар оның ЖИ-мен өзара әрекеттесіп отырғанын анық білуі тиіс. Бұған қатысты тиісті жазалау шаралары мен әкімшілік нормалар бекітілді», – деп түсіндірді вице-министр Мәжілісте сөйлеген сөзінде.
Жаңа заңның қабылдануы — жасанды интеллект саласын реттеудің алғашқы қадамы. Билік өкілдерінің айтуынша, енді бұл бағыттағы саясат технологиялық қауіптер мен этикалық мәселелерге нақты жауап бере алады.
Материал авторы