SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «AMANAT» партиясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қауіпті пранктердің көбейіп кетуіне байланысты депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілер «қоғамды қорқытып, ақымақтықты “әзіл” деп көрсететін» видеоларға толып кеткен.
«Бүгінгі депутаттық сауалым – “ойын түбі – от” екенін түсінбеген селтеңбайлар туралы. Қазір пранк жасап, парақшасына лүпіл жинағанымен, парасаттан жұрдай болғандар көбейді», – деді Сәрсенғалиев.
Қорқынышты пранктер — қоғамға қауіп
Мысал ретінде ол бірнеше жағдайды атады:
Астанада блогерлер лифтке «жалған мәйіт» кіргізіп, жарықты өшірген.
Тағы бірі тапаншамен жеделсатыға кіріп, адамдарды қорқытқан.
Алматыда блогерлер аула сыпырушыларды мазақ етіп, видео таратқан.
Депутат мұндай әрекеттердің әзіл емес, қылмысқа жақын әрекет екенін айтты.
Шетелде абырой төгіп жүргендер де бар
Сәрсенғалиев шетелде ел имиджін түсіріп жүрген блогерлерді де сынға алды. Мысалы, қазақстандық Аружан Айбекова Қытайда “ұрлық жасап жатқандай” видео түсіріп, кейін жергілікті полицияға шақырылған. Бірақ ол тоқтамаған — Ташкент метросында бейтаныс ерлердің қолынан ұстап, “пранк” жасаған видеосын да жариялаған.
«Ойыннан да омыртқа сынатынын білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Бұл – адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», – деді депутат.
Жасанды интеллект пен жалған бейнелер — жаңа қауіп
Сәрсенғалиевтің сөзінше, қазір пранктердің жаңа түрі пайда болған — жасанды интеллект арқылы жасалған дипфейктер. Мұндай видеоларда мемлекет басшылары мен шенеуніктерді дүкенде жүргендей етіп көрсетеді, ал көп адам оны шын деп қабылдайды.
Тағы бір «әзіл түрінде» балалар ата-аналарына бөтен адамның үйге кіріп алғанын көрсететін жасанды видеожібереді. Полиция шын шақыртуға үлгермей, осындай “әзілдің” құрбаны болуы мүмкін.
«Интернеттің инесіне байланғандар бұл ойындардың артында қаншама салдар барын түсінбейді», – деді ол.
«Өлшеуден асқан әзіл – қылмыс»
Депутат Абайдың сөзін еске салды:
«Ішпек, жемек, күлмек, көңіл көтермек – бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуден асса – зиян».
Осыған байланысты депутат бірнеше нақты ұсыныс айтты. Оның пікірінше, ең алдымен пранк кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, жеке адамның өміріне қол сұққан тұлғаларды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап, көпшілікке жариялау қажет. Сондай-ақ, қауіпті пранктер арқылы адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіргендердің әлеуметтік желідегі парақшалары дереу бұғатталуы тиіс.
Бұған қоса, әлеуметтік желі әкімшіліктері қауіпті пранктер мен бейнежазбалар жарияланған парақшаларды анықтап, ол туралы уәкілетті органдарға жедел хабарлап отыруы керек. Ал мұндай теріс құбылыстың алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нақты нәтиже беретін форматта жүргізу маңызды екенін айтты.
RUS