817

Депутат Toyota Alphard-пен такси болуға тыйым салуды ұсынды

Мұрат Әбенов бұл көліктердің көпшілігі қайта жасақталған әрі жолаушылар үшін қауіпті екенін айтты. Сондай-ақ ол шетелдік агрегаторлардың жоғары комиссиясына назар аударды.

Депутат Toyota Alphard-пен такси болуға тыйым салуды ұсынды
electrodrivemoscow.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов такси қызметінде Toyota Alphard маркалы көліктерді пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Бұл бастамаға соңғы уақытта осы көліктердің қатысуымен болған бірнеше өліммен аяқталған жол апаттары түрткі болған.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы Alphard үлгісіндегі көліктердің басым бөлігі қауіпсіздік талаптарына сай емес.

«Олардың көбі – қайта құрастырылған көліктер. Бізде оң рөлді автокөліктерді әкелуге 20 жылдан бері тыйым салынған, бірақ Alphard-тарды ескі құжатпен кіргізіп, кесіп-жарып, қайта дәнекерлейді. Мұндай көлік беріктігін жоғалтады, демек жолаушылар үшін қауіпті», – деді Әбенов.

Ол такси қызметтеріне Alphard пайдалануға толық тыйым салып, мұндай көліктерді іске қосқан агрегаторларға жоғары сақтандыру төлемдерін енгізу қажет екенін айтты.

«Агрегаторлар азаматтар алдында жауапты болуы керек. Қазір апатқа ұшыраған адамдардың ешқайсысы такси қызметін сотқа беруді ойламайды», – деді депутат.

Сонымен қатар, Әбенов шетелдік агрегаторлардың жоғары комиссиялары қазақстандық жүргізушілерді «қаржылық тәуелділікке түсіріп отырғанын» сынға алды.

«Біздің отандық агрегаторлар аз пайыз алады, бірақ оларды шетелдік компаниялар демпинг арқылы нарықтан ығыстырып жатыр. Тек Өскеменде ғана жергілікті нарықты қайтаруға мүмкіндік туды – сол жерде халық арзанырақ төлейді, ал таксистер көбірек табыс табады», – деді ол.

Соңғы айларда Alphard маркалы көліктер қатысқан бірнеше ірі жол апаты қоғамда резонанс тудырған. Сарапшылар мұндай көліктердің көпшілігі конструкциялық тұрғыдан бұзылғанын және тасымалдау қызметіне мүлдем жарамсыз екенін айтады.

Материал авторы