SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордалықтармен кездесу барысында LRT жобасының болашағына қатысты жоспарлармен бөлісті.
Қала басшысының айтуынша, жеңіл рельсті көлік желісі Қосшы қаласына дейін созылмақ.
«Қосшыдан күн сайын Астанаға 15-20 мың көлік кіреді. Бұл – үлкен жүктеме. Қала өсіп келеді, сондықтан ол бағыттағы LRT жобасын жүзеге асыру өзекті», – деді Қасымбек.
Сонымен қатар әкім LRT-ның тағы бір тармағы Тұран даңғылына дейін, әрі қарай ескі теміржол вокзалына дейін жалғасатынын айтты.
«Алдымен бірінші бөлігі аяқталады. Қосшы бағыты бойынша жоба шамамен бір жарым жылда толық іске қосылады деп жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.
LRT желісі тек жер үстімен ғана емес, жер астымен де өтеді. Қазір астана әкімдігі жобаны қаржыландыру көздерін іздестіріп жатыр.
RUS