SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары және Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімов ұзақ үзілістен кейін алғаш рет жұрт алдына шықты. Ол Алматыдағы «Жайлау» гольф-клубында өткен ұлттық Audi Quattro Cup 2025 турнирінде байқалды.
Шара ұйымдастырушыларының фотоларында Есімовтың күлімдеп, жарысқа қатысушылармен еркін әңгімелесіп жүрген сәттері көрінеді. Бұл — оның біршама жылдан соң көпшілік алдына шыққан алғашқы сәті.
Турнирге Қазақстанның іскер ортасынан және гольф клубтарынан шамамен 100-ге жуық ойыншы қатысты. Іс-шараның ресми ұйымдастырушысы — Audi маркасының елдегі дистрибьюторы, Orbis Auto компаниялар тобы.
Бас жүлдені Қайрат Молдабаев пен Сабит Толегенов командасы жеңіп алды. Олар 21–25 қараша аралығында Оман елінде өтетін әлемдік финалда Қазақстанның намысын қорғайды.
Ал Best Gross номинациясында Бауыржан Сарқытбаев пен Аңсар Гасанов үздік шықты.
Бірқатар БАҚ Ахметжан Есімовті Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы деп көрсетеді. Ол тәуелсіздік жылдары бірнеше рет жоғары лауазымды қызметтер атқарған: вице-премьер, мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің жетекшісі және ауыл шаруашылығы министрі болды.
2014–2016 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған, кейін ЭКСПО-2017 жобасына және ұлттық әл-ауқат қоры «Самұрық-Қазына» басқаруына жетекшілік етті.
2021 жылы Назарбаевтың кеңесшісі болған соң, саясаттан да, медиа кеңістіктен де біржола жоғалып кеткен еді.
Айта кетейік, Есімовтың бұрынғы күйеу баласы — белгілі кәсіпкер Ғалымжан Есенов. Ол Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің бірі саналады. Есенов 2012 жылы АТФ банкті жарты миллиард долларға сатып алып, кейін Jusan Bank акцияларының ірі үлесін иеленді. 2025 жылы ол First Heartland Securities директорлар кеңесінің төрағасы атанды.
Forbes Kazakhstan дерегінше, оның байлығы 435 миллион доллар деп бағаланып, елдің ең дәулетті 20 кәсіпкерінің қатарына кіреді.
RUS