Бұрынғы бас прокурор Қожамжаровтың бауыры сотта жеңіліп қалды
ҚТЖ-мен соттасқан Қожамжаров 100 млн теңгеге жуық қаржы өндіріп беретін болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дулат Қожамжаровтың «Hill Corporation» компаниясы келісімшартты орындамағаны үшін айыппұл мен аванс көлемін қайтаруға міндеттелді. Бұл туралы За нами уже выехали Telegram-арнасы жазды.
«Қазақстан темір жолы – Пассажирлік локомотивтер» компаниясы экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың туған інісі, кәсіпкер Дулат Қожамжаровтың иелігіндегі «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» (HILL) компаниясына қарсы сотта жеңіске жетті.
Сот шешімі бойынша HILL компаниясы КТЖ-ға жалпы сомасы шамамен 99 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс.
Мәселе неден басталды
2024 жылдың соңында ҚТЖ мен HILL компаниясы дизель майын жеткізу туралы келісімге келген. Мәміле құны — 504 млн теңге, ал жеткізу мерзімі — 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Алайда шарт толық орындалмаған. Тапсырыс беруші тарап жеткізілімнің тек 40%-ы ғана келгенін мәлімдеді.
Компания келісімнен бас тартқан
2025 жылдың 1 тамызында HILL компаниясы КТЖ-ға ресми хат жолдап, мемлекеттік тексерістер мен сот процестері бизнесті жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтып, келісімшартты бұзуды сұраған.
Бірақ ҚТЖ бұған келіспей, 46 млн теңге авансты қайтаруды және шарт сомасының 10%-ына тең айыппұл (50,4 млн теңге) төлеуді талап етті.
Компания айыппұл төлеуден бас тартты, себебі жеткізілімнің бір бөлігі орындалғанын алға тартты.
Сот үкімі қандай болды?
Барлық дәлелдерді қарап шыққан сот ҚТЖ талабын толық қанағаттандырды.
HILL компаниясынан 45 769 957 теңге аванс, 50 401 768 теңге айыппұл, сондай-ақ 2 885 152 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілмек.
Айта кетейік, Дулат Қожамжаров — кәсіпкер, бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың туған інісі. Ол «Hill Corporation» компаниясының жалғыз құрылтайшысы және Қазақстандағы майлау материалдарын өндіретін ірі кәсіпорынның иесі.
Материал авторы