350

Бүгін Трамп пен Си келісімге келсе, әлем экономикасы тыныс алады

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы тоқтауы мүмкін.

Бүгін Трамп пен Си келісімге келсе, әлем экономикасы тыныс алады
REUTERS/Evelyn Hockstein

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин бүгін Оңтүстік Кореяның Бусан қаласында тарихи сауда келісіміне қол қоюы мүмкін. Бұл туралы Трамп кездесу басталар алдында мәлімдеді.

«Бәлкім, келісімге бүгін-ақ қол қоямыз», — деді Трамп. Оның айтуынша, тараптар қазірдің өзінде бірнеше маңызды келісімге келіп үлгерген.

Си Цзиньпин де оптимизм танытып, екі елдің экономикалық топтары соңғы кеңестер барысында «негізгі ортақ ұстанымдарға» қол жеткізгенін айтты.

«Біздің командалар өзекті мәселелер бойынша консенсусқа келіп, айтарлықтай ілгеріледі. Бұл бүгінгі кездесуімізге қажетті негіз қалады. Президент Трамп, Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін сізбен жұмыс істеуге дайынмын», — деді Си аудармашы арқылы.

Трамп оның сөзін қуаттап, келіссөздердің табысты болатынына сенім білдірді.

«Бізде өте сәтті кездесу болады деп ойлаймын. Си мырза — мықты келіссөз жүргізуші, бұл бір жағынан жақсы емес», — деп әзілдеді АҚШ президенті.

Бұл — Трамптың екінші президенттік мерзімінде екі көшбасшының алғаш рет бетпе-бет кездесу өткізуі. Кездесудің басты мақсаты — Вашингтон мен Бейжің арасындағы ұзаққа созылған сауда соғысына нүкте қою.

Еске салайық, 2025 жылдың мамырында тараптар уақытша бітімге келіп, кедендік баж салығын 100%-дан асқан деңгейден тоқтатқан еді. Алайда кейінгі айларда Қытайға чип экспорттау мен сирек кездесетін шикізатқа АҚШ қолжетімділігіне қатысты жаңа шиеленіс туындаған.

Кездесу барысында сондай-ақ TikTok-тың АҚШ-тағы болашағы да талқыланып жатыр. Екі елдің де мақсаты — әлемдегі ең ірі экономикалардың арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандыру.

Материал авторы