306

4 000 адамды сан соқтырған Назира пирамидасынан 400 млн теңге тәркіленген

Алтын бизнесінің атын жамылып, «Nazira Gold» пирамидасын ұйымдастырғандар 10 жылға дейін сотталды.

4 000 адамды сан соқтырған Назира пирамидасынан 400 млн теңге тәркіленген
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында «Nazira Gold» қаржы пирамидасын ұйымдастыру және басқару ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Тергеуді Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізді.

Тергеу дерегінше, өздерін зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде таныстырған күдіктілер азаматтарға ай сайын салынған қаржының 20–40% көлемінде табыс уәде еткен. Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген.

Жалпы қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам адам тартылған. Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат көліктер, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алуға жұмсаған.

Сот шешімімен тоғыз адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар мемлекет пайдасына 402 миллион теңге, 52 автокөлік, бір тұрғын үй, элиталық кешендердегі екі пәтер және 17 келі зергерлік бұйым тәркіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы