SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал қазақстандық футбол маманы Алмас Құлшынбаев Sports.kz порталына берген сұхбатында 2025 жылғы маусымдағы Қазақстан Премьер-лигасының үздік ойыншысы кім деген сұраққа пікір білдірді.
Маманның айтуынша, нақты бір ойыншыны атау қиын, бірақ «Қайраттың» капитаны Александр Мартыновичкоманданың жүйеқұраушы әрі ең маңызды ойыншысы саналады.
«Бұл сұраққа біржақты жауап беру оңай емес. 17 жасында тұрақты ойын көрсетіп жүрген Дастан Сәтпаевты атауға болар еді, бірақ бұл әзірге үлкен аванс болар еді. Ал «Қайратта» Александр Мартынович секілді жүйе ұстап тұрған футболшылар бар. Ол — қорғаныстың тірегі, капитан. Команданың көп жетістігі соның еңбегімен байланысты», — деді Құлшынбаев.
Сонымен қатар ол Ғалымжан Кенжебектің де жоғары деңгейдегі ойынын атап өтті.
«Ол өзін тек «Елімайдың» сапында емес, ұлттық құрамада да жақсы қырынан көрсетті. Семейлік командада небәрі жарты маусым ойнаса да, еурокубок жолдамасын жеңіп алуға айтарлықтай үлес қосты», — деді маман.
RUS