Бақытгүл Хаменова неге тойда жүр? Бас прокуратура түсінік берді
Атыраудағы шенеуліктермен бірге құрметті қонақ боп тойға барған Хаменованың ісіне түсініктеме берілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұрынғы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың тойға қатысуына қатысты түсінік берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде пара алғаны үшін сотталған Хаменованың тойда жүрген видеосы тараған болатын.
— Хаменоваға қатысты үкімнің орындалуы үш жылға кейінге қалдырылған. Мұндай жағдайда оған іс-шараларға қатысуға тыйым салынбайды. Сонымен қатар ол пробация қызметінен рұқсат алған, — деді Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Еске салайық, 2022 жылы күзде Бақытгүл Хаменова 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол бұл қаражатты Абай ескерткішін орнату жобасына байланысты алған деп танылған.
Сот үкімімен Хаменова мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Кейін Атырау облыстық соты үкімнің орындалуы үш жылға кейінге қалдырылғанын хабарлады. Бұл шешім сотталушының асырауында екі жас баласының болуына байланысты қабылданған.
Материал авторы