821

«Кроссовка үшін»: Ержан Бабақұмаровтың өліміне бұрын екі рет сотталған ер адам күдікті деп танылды

Марқұм шенеунік бұрын Тоқаевтың кеңесшісі болған еді.

«Кроссовка үшін»: Ержан Бабақұмаровтың өліміне бұрын екі рет сотталған ер адам күдікті деп танылды
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бұрынғы мемлекеттік қызметкер Ержан Бабақұмаровтың қазасына қатысты екі рет сотталған 36 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы @Kozachkow Telegram-арнасы жазды.

29 қазан күні кешкі сағат 23:00 шамасында елорданың «Миллениум» тұрғын үй кешеніне жедел жәрдем шақырылған. Қоңырау шалған ер адам «танысымның жағдайы нашарлап кетті» деп хабарлаған. Оқиға орнына полиция да жеткен.

Пәтер иесі — Ербол Қаукетай есімді ер адам болып шықты. Ол бұрын екі рет сотталған:

2010 жылы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін,

2025 жылы орташа ауыр жарақат салғаны үшін.

Соңғы іс бойынша Қаукетай 300 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Қаукетай мен Бабақұмаров 25 қазанда танысқан. Күдікті кроссовка сатып жүрген, ал марқұм өзін Әлихан деп таныстырған және аяқ киім үшін ақшаны толық төлемей, кейін қайтарам деп уәде берген.

Бірнеше күннен кейін екеуі қайта кездесіп, мейрамханада ішімдік ішіп, кейін Қаукетайдың пәтеріне барған. Онда тағы да ішімдік ішіп отырып, ақша төңірегінде жанжал шыққан.

Күдіктінің айтуынша, жанжал төбелеске ұласып, ол Бабақұмаровқа бірнеше рет соққы берген. Ержан Бабақұмаров құлап, жүрек тұсын ұстаған.

Қаукетай анасына хабарласып, не істеу керектігін сұраған. Анасы жедел жәрдем шақыруға кеңес берген. Бірақ келген дәрігерлер Бабақұмаровтың көз жұмғанын растаған.

Қазір күдікті ұсталып, тергеу жүріп жатыр.

Белгілі болғандай, Ержан Бабақұмаров бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін ол мемлекеттік қызметтен кеткен. 2025 жылдың басында ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамалған еді.

Материал авторы