1524

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша басты күдіктіні экстрадициялау мәселесі қозғалды

Бас прокуратура Ақжарқынның ісі бойынша маңызды мәлімдеме жасады.

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша басты күдіктіні экстрадициялау мәселесі қозғалды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша қазіргі жағдай мен тергеудің барысын түсіндірді.

Сенатта өткен брифингте журналистер Қазақстанның Интерпол арқылы Нигерия азаматы Адиндо Нонсо Фортунені елге экстрадициялау туралы өтініш жолдағанын еске салды. Ол Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша күдікті ретінде танылған.

«Бұл іс және бұған дейінгі барлық материал, соның ішінде Ақжарқынның ісі де біздің тұрақты бақылауымызда. Біз күдіктіні елге қайтару үшін барлық заңды тетіктерді пайдаланамыз. Алдымен Интерпол оның қай жерде жүргенін анықтайды, содан кейін экстрадиция рәсімі басталады. Қазір іздеу нәтижесін күтіп отырмыз. Орналасқан жері нақтыланған сәтте, бірден экстрадициялау шарасын қолға аламыз», — деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Тергеу материалдары бойынша, оның сөмкесінен 4,5 килограмм амфетамин табылған.

Сол кезде ол Малайзияға сән киімдерін жеткізуші курьер ретінде жұмыс істеуге бара жатқанын айтқан.

Қазіргі таңда Қазақстан құқық қорғау органдары істің негізгі күдіктісі саналатын Нигерия азаматын елге экстрадициялау үшін халықаралық іздестіру жариялаған.

Материал авторы