1422

«Хуторлық банда жоқ!»: Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты

Хасан Қасымбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады.

«Хуторлық банда жоқ!»: Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар ауданында Хасан Қасымбаев пен оның серіктестеріне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Басты айыпталушы бүгін сотта соңғы сөзін айтты. Бұл туралы Orda.kz жазды.

Соттағы пікірталас бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Ал кеше прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевты адам ұрлады және соққыға жықты деген айып бойынша кінәлі деп танып, оны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қалған сотталушылар үшін тоғыз жыл түрме жазасы ұсынылды.

Бұл талап залда үлкен резонанс тудырды. Айыпталушылар істің қолдан жасалғанын айтып, өздерін «козел отпущения» етіп көрсеткенін мәлімдеді. Осы сәтте прокурормен сөзге келіп қалғандықтан, судья бірнеше рет залды тыныштандыруға мәжбүр болды.

Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы ұлын соққыдан кейін туберкулез жұқтырғанын айтты. Алайда айыпталушылар мұнымен келіспеді:

«Туберкулез соққыдан болмайды. Арманның өзі есірткіге тәуелді болғанын және оны сатумен айналысқанын мойындаған. Біз оның ауруына кінәлі емеспіз», — деді олардың бірі.

Өз кезегінде Хасан Қасымбаев та айыптауларды түгел жоққа шығарды.

«Мен ешқашан сот алдында отырам деп ойлаған емеспін. Менің тағдырым қоғамның “тыныштығы” үшін құрбан болмауы керек. Заң бұзған емеспін, ал тағылған айыптар — жалған. Менде кінәні дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ: куә де, хат алмасу да, бейнежазба да жоқ. Жәбірленушіні өмірімде көрмегенмін, сөйлескен де емеспін. Маған оны ұрып-соғуға не себеп, не мақсат болған жоқ», — деді ол.

Қасымбаевтың айтуынша, ол қоғам наразылығын басу үшін «ыңғайлы кінәліге» айналған.

«Мен ешқандай “Хуторлық банданың” құрамында болған жоқпын. Бірақ іс шу тудырған соң, біреуді кінәлі ету керек болды да, таңдау маған түсті. Жәбірленуші мені “Хуторлық банданың басшысы” деп атағанымен, мұндай топ Талғар мен Алматы облысында мүлде болмаған. Бұған дейін полиция да ондай деректі растаған емес», — деді айыпталушы.

Сот үзілісі кезінде Қасымбаев Orda.kz тілшісіне қысқаша пікір білдірді:

«Кінәсіз адамға 15 жыл беру — ауыр соққы. Ешқандай дәлел жоқ, сот тек бір жақтың сөзін тыңдады. Әділ шешімді Жоғарғы сот пен Бас прокуратурадан күтемін. Соңына дейін күресемін», — деді ол.

Ал оның қорғаушысы Ерлан Мендешев істің саяси және қоғамдық қысыммен қозғалғанын айтты.

«Шерзат Болат қаза тапқаннан кейін марқұмның әкесі эмоциямен Қасымбаевты кінәлап, “Хуторлық ұйымдасқан топ бар” деп мәлімдеді. Бұл сөздерді әлеуметтік желілер іліп әкетті, қоғамда үлкен шу туды. Сөйтіп тергеу заңмен емес, қоғамдық қысыммен жүрді», — деді адвокат.

Сот отырысы кезінде Талғар тұрғындары да сот ғимараты алдына жиналып, Қасымбаевқа ұзақ мерзім сұраған прокурор талабына наразылықтарын білдірді.

Материал авторы