552

Алматыда 36 жастағы ер адамға қайтыс болған 63 жастағы әйелдің жүрегі салынды

36 жастағы алматылық ер адам аман қалды.

Алматыда 36 жастағы ер адамға қайтыс болған 63 жастағы әйелдің жүрегі салынды
Денсаулық сақтау министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда биылғы жылдың үшінші жүрек трансплантациясы сәтті өтті. Ота Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жасалды.

Анестезиологтар мен кардиохирургтар тобына институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев жетекшілік еткен.

Донор – Алматының 63 жастағы тұрғыны, ол қалалық орталық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның миының өлімін тіркеген. Отбасылық келісімнен кейін әйелдің жүрегі ауыр науқасты аман алып қалуға мүмкіндік берді.

Жаңа жүрек 36 жастағы алматылық ер адамға салынды. Ол ұзақ жылдар бойы дилатациялық кардиомиопатия, сол жақ қарыншасында тромб, және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагноздарымен ауырған.

Науқастың фракциясы небәрі 24 пайыз болған — бұл жүректің қалыпты жұмыс істеу қабілеті күрт төмендегенін көрсетеді. Ол аз ғана физикалық жүктемеден кейін ентігіп, жүрек қағысының бұзылуына, әлсіздік пен бас айналуға жиі шағымданған.

Бұған дейін оған кардиовертер-дефибриллятор орнатылған, алайда емдеу нәтиже бермеген соң, ер адам жүрек трансплантациясына кезекке қойылған.

Донордың туыстарының келісімі арқасында дәрігерлер бір емес, алты адамның өмірін сақтап қалды: жүректен бөлек, бауыр, екі бүйрек және екі көздің қасаң қабығы (роговица) сәтті трансплантацияланды.

Бүгінде Қазақстанда жүрек алмастыруды күтіп отырғандар саны аз емес — 143 ересек және 6 бала ұлттық тізімде тұр.

Материал авторы