Жазушы Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат қайтыс болды
Қазақстан Жазушылар одағы Мақсат Тәж-Мұраттың қазасына байланысты көңіл айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Жазушылар одағы көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұраттың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстарына және барша оқырман қауымға көңіл айтты.
Мақсат Тәж-Мұрат – қазақ әдебиеті мен баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға, терең ойлы публицист, зерттеуші, бірнеше буын қаламгерлерге ұстаздық еткен абзал азамат еді.
Өмір жолы мен шығармашылық қызметі
Мақсат Әнесұлы 1959 жылы қараша айында Атырау облысы, Қосшағыл ауылында дүниеге келген.
1978–1983 жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алып, еңбек жолын «Білім және еңбек» журналында бастаған. Кейін «Социалистік Қазақстан», «Горизонт»–«Өркен» газеттерінде, «Жалын» журналында және Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде қызмет атқарды.
1990–1999 жылдары туған университетінде ұстаздық етіп, «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды.
2000 жылдардан бастап ол республикалық басылымдарда жетекшілік қызметтер атқарды:
2006–2007 жж. – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары,
2007–2009 жж. – «Ана тілі» газетінің бас редакторы,
2009–2013 жж. – «Астана» журналының бас редакторы.
Мақсат Тәж-Мұрат – қазақ руханиятына ойлы еңбектерімен із қалдырған қаламгер.
Оның қаламынан шыққан туындылар арасында:
«Шәңгерей: жасампаздық өмірі»,
«Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі»,
«Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы»,
«Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар»,
«Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы»,
«Димаш. Когда жаждут крика» сияқты еңбектер бар.
Сондай-ақ ол мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген жүздеген әдеби-сын мақаланың авторы.
Материал авторы