Әкім Бурабайда казино салынады деген ақпаратты жоққа шығарды
Бурабайдағы жер дауының шындығы қандай?
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық ресурстарда тараған «Бурабайда тұрғындардан алынған жер телімдерінің орнына казино салынады» деген ақпаратты шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, жерлер тек сот шешімімен және тек заңсыз берілген немесе мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жағдайда ғана қайтарылады.
«Бұл — жалған ақпарат. Ешқандай ойын аймағы құрылмайды. Мұндай аймақтарға арналған учаскелер Үкімет қаулысымен және жергілікті атқарушы органдар шешімімен бұрыннан анықталған.
Бұрынғы жылдары облыстық әкімдік пен мәслихат өз өкілетінен асып, ұлттық парктің жерлерін жергілікті меншікке өткізген. Прокуратураның қарсылығынан кейін бұл шешімнің заңсыз екені расталды, және біз оны мойындап, прокурордың талабын қанағаттандырдық», — деді Ахметжанов.
Қазір Бурабай ауданында жер телімдерін кешенді тексеру жалғасып жатыр. Әкімнің сөзінше, тек заңсыз берілген немесе бос жатқан учаскелер ғана мемлекет меншігіне қайтарылады.
Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан жерлер тек ұлттық паркте емес, бүкіл ел аумағында да қайтарылып жатыр. Мысалы, бір кездері құрылыс үшін алынған, бірақ жылдар бойы игерілмеген жерлер осы санатқа кіреді.
«Барлық процесс тек сот шешімімен жүреді. Егер қандай да бір күмән болса, оны сот шешеді. Ал егер жер телімдері ұлттық парк құрылмай тұрып берілген болса, олар ешкімнің есебінен алынбайды. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», — деп түйіндеді өңір басшысы.
Бурабай ауданында тексеру барысында 1119 жер учаскесі даулы деп танылған. Егер меншік иелерінің құқығы заңды түрде расталса, оларға құқық белгілейтін құжаттар қайта рәсімделеді.
Материал авторы