SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шардарада 5-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында қаза тапты.
Қайғылы жағдай өткен аптада Қасым Аманжолов атындағы мектепте болған. Сабақ соңында мұғалім оқушыларды далаға шығарған. Сол сәтте 11 жастағы Арнұр Көшербай мектеп стадионының қоршауына шығып, ағашқа құлап кеткен.
Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Нұргүл Қалдарбекованың айтуынша, оқиға кезінде баланың сырт көзге ауыр жарақаты байқалмаған.
«Қаны көрінген жоқ, сыртқы зақым да болмады. Бірақ қауіпсіздік үшін бірден ауруханаға апардық», – дейді ол.
Дәрігерлер баланың қуық тұсы қатты зақымданғанын анықтап, шұғыл ота жасаған. Алайда отадан кейін Арнұрдың жүрегі тоқтап қалған.
Қазір Шардара аудандық білім бөлімі мен полиция тергеу жүргізіп жатыр.
«Мұғалім әзірге жұмыста, бірақ прокуратура ұсыныс енгізді. Келесі аптада оны уақытша қызметінен шеттетеміз», – деді білім бөлімі басшысы Жанат Мусатаева.
34 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімі бұл мектепте он жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Әріптестері оның мінсіз маман екенін айтып, қорғап отыр.
Оқиғадан кейін өңірдегі барлық мектептерде қауіпсіздік ережелері мен балаларды далада бақылау шараларын күшейту жоспарланған.
RUS