SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал тұрғыны Надежда Сергееваның күйеуі Алексей Сергеев Украинадағы соғыс кезінде қаза тапқан. Бұл туралы келіншек әлеуметтік желілерде тараған ресейлік жалдамалы сарбаздардың тізімінен білген.
Алексейге небәрі 30 жаста еді. Артында сегіз айлық қызы қалды. Ерлі-зайыптылар небәрі бір жыл бұрын шаңырақ көтерген.
Надежда күйеуінің есімін Украина жариялаған «Хочу жить» жобасының тізімінен тапқан. Онда 270 қазақстандықтың аты жазылған, олардың барлығы Ресей жағында соғысып, қаза тапқандар. Алексей Сергеевтің аты 191-нөмірмен тіркелген, өлім күні — 11 шілде деп көрсетілген.
«Мен оның Украинада екенін мүлде білмедім. Биыл жылдың басында Астанаға жұмысқа кеткен, ал наурыз айында байланыс үзіліп қалды. Ел бойынша іздедім. Оның шетелге шығуға тыйымы бар еді. Сонда ол Ресейге, одан Украинаға қалай өтті?» — дейді жесірі.
Соңғы рет Алексей 27 наурызда байланысқа шыққан. Ол вахталық әдіспен антифриз құятын цехта жұмыс істеген, TikTok-та жұмыс орнын да көрсетіп жүрген. Бірақ бір сәтте ізім-қайым жоғалған.
Надежда күйеуін сегіз ай бойы іздеп жүр. Ол тіпті сотқа шағымданып, іздеу жариялауға қол жеткізген. Енді ол Алексейдің денесін табуды және өлім туралы ресми куәлік алуды сұрап отыр.
«Қалай өмір сүремін, баламды жалғыз қалай өсіремін — білмеймін», — дейді ол.

Ресейдегі «рекруттар нарығы»
Алексейдің Украинаға қалай жеткенін түсіндіретін жайт — Ресейде жалдамалыларды соғысқа тарту жүйесі заңдастырылған.
«Важные истории» басылымының мәліметінше, 2024 жылдың жазынан бастап Ресейдің ондаған өңірінде «досыңды соғысқа әкел» бағдарламасы іске қосылған. Яғни, әскери қызметке адам тартқан әрбір вербовщикке айтарлықтай ақшалай бонус беріледі.
2025 жылдың қазан айына дейін бұл үшін кемінде 2 млрд рубль бөлінген. Кейбір өңірлерде бұл сома тіпті білім, медицина мен әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражатпен теңескен.
Вербовкаға кеткен шығындар көбіне төтенше жағдайларға арналған резервтерден алынған. Мысалы, Саратов облысы бұл мақсатқа 400 млн рубль жұмсап, сонша қаржыны тұрғын үй құрылысына да бөлген.
Мұндай бонустардың кесірінен кей аймақтар ардагерлер мен еңбеккерлерге арналған төлемдерді индексациялаудан бас тартқан.
RUS