Істі жабу үшін 20 миллион теңге пара сұраған Рудныйдың прокуроры сотталды
Пара үшін сотталған прокурор мемлекеттік қызметтен айырылды
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда Рудный қаласының прокуроры Мұрат Оспановқа үкім шықты. Ол аса ірі көлемде пара алмақ болғаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу дерегінше, Оспанов Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысынан 20 миллион теңге талап еткен. Ол бұл сомаға айыптау ісін тоқтатуға уәде беріпті. Бірақ шенеунік пара беруден бас тартып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Кейін Оспанов ҰҚК қызметкерлері тарапынан пара алу үстінде ұсталды. Тәркіленген ақшаның бір бөлігі муляж болған.
Сот үкіміне сәйкес, Мұрат Оспанов 4 жыл 6 айға орташа қауіпсіздік мекемесіне бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылып, «әділеттің аға кеңесшісі» деген лауазымдық шенінен де мақұрым болды.
Сот барысында прокурор өз кінәсін толық мойындап, іс қысқартылған тәртіпте қаралды. Қорғау тарапы айыпталушының отбасылық жағдайын ескеріп, айыппұлмен шектеуді сұрағанымен, сот бұл уәждерді негізсіз деп тапты.
Материал авторы